Пашинян Армения премьер-министрі болып сайланды
Армения парламентінің 59 депутатының дауысымен оппозиция өкілі Никол Пашинян премьер-министр қызметіне тағайындалды. Сайлау біткен соң Пашинян парламентке «Алғыс айтамын. Армения мен армян халқына қызмет етемін» деді.
Негізінен оппозиционердің қолына бейресми түрде билік бұдан ертерек өткен еді. Бұған мемлекеттегі жаппай наразылық акциялары мен оның биліктегі партияға өзін сайлауға көндіруі, сайланбай жатып 8 мамыр күнін демалыс ретінде жариялауы дәлел болса керек.
Айта кету керек, Пашинян екінші мүмкіндіктен соң премьер-министр болып сайланды. Ол өзіне қажетті 53 дауыстан да көп қолдау тапты.
Сирияда Ресей тікұшағы апатқа ұшырады
Сирияда Ресей әуе-ғарыш күштерінің Ка-52 тікұшағы апатқа ұшырап, 2 ұшқыш қайтыс болды. Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әуе апатына техникалық ақаулар себеп болуы мүмкін. Бұл Ресей әскери бортында болған бір аптадағы екінші әуе апаты. Бұған дейін 3 мамыр күні Су-30СМ истребителі құлап, ұшқыштары қаза тапқан болатын.
Тікұшақ 7 мамыр күні түнде құлаған. Осы апатта мерт болғандарды қоса алғанда Сирияда қайтыс болған Ресей әскери қызметкерлерінің саны 87-ге жетті. Оның ішінде ең ірі апат 2018 жылдың 6 наурызында болды. Ол кезде Ан-26 ұшағы құлап, 39 адам қайтыс болған еді.
Иерусалимде АҚШ елшілігін ашуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр
Келесі аптада Израильдегі АҚШ елшілігі Тель-Авивтен Иерусалимге көшіріледі. Осыған орай қала мэриясы АҚШ-тың жаңа елшілігіне нұсқайтын жол белгілерін орналастыра бастағанын хабарлады. Қала мэрі Нир Баркаттың айтуынша, алғашқы белгілер дүйсенбі күні Иерусалимнің оңтүстік бөлігіндегі көшелерге қойылған. Бұл ауданның таңдалуы бекер емес, себебі жаңа елшілік дәл осы маңда орналасады деп күтілуде.
Қала билігі жіберген суреттерде жол белгісінде ағылшын, иврит, араб тілдеріндегі «АҚШ елшілігі» деген жазуды байқауға болады. Ал Иерусалимдегі АҚШ-тың жаңа елшілігі 14 мамыр күні ашылады. Оған АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған америкалық делегация барады деп жоспарланған.
Былтыр Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде мойындап, Америка елшілігін Тель-Авивтен көшіретінін айтқаннан соң Израиль-Палестина арасындағы шиеленіс күшейе түскен еді. Израиль Иерусалимді мәңгілік астанамыз десе, Палестина бұл қаланы өз мемлекетінің капиталы санайды.
Ливанда 9 жылдан соң парламенттік сайлау өткізілді
Ливанда парламенттік сайлау 2014 жылы өткізілуі керек еді. Бірақ жаңа президентті сайлауға қарсылық көрсеткен соң парламент өз жұмысын 2017 жылға дейін жалғастыратын болды. Сайлау күні 2017 жылдың 21 мамырына белгіленіп, одан кейін қыркүйек, қазан айларына ауыстырылған еді. Бірақ мемлекеттегі саяси дағдарыс пен көрші Сириядағы соғыс себебінен жиі ауыстырылған парламенттік сайлау тек осы жылдың 6 мамырында өтті. Сайлауда Ливанның Иран қолдауына ие «Хезболла» ұйымы жеңіске жетті.
«Хезболла» шииттер партиясы билікке келген соң мемлекеттің премьер-министрі Саад Харири басқаратын «Аль-Мустакбаль» қозғалысы депутаттар палатасындағы бұрынғы ықпалынан айырылды. Сайлау нәтижесінде белгілі болғандай, «Хезболла» 128 депутаттық орынның 67-сін иемденді.
Ливан ішкі істер министрінің айтуынша, дауыс беруге халықтың 49,2 пайызы қатысқан. Мемлекет астанасы Бейрут қаласында тұрғындардың тек 30 пайызы дауыс беруге барған.
Айта кету керек, сайлау былтыр қабылданған жаңа заң бойынша өткізілді.
Шолуды дайындаған Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»